Жеке құлақ жапсырмасын дайындау
Жеке құлақ жапсырмасы (қатты немесе жұмсақ) есту аппаратының ажырамас бөлігі болып табылады. Есту мүшесін протездеудің табыстылығының 60%-ы жеке құлақ жапсырмасы түрінің дұрыс таңдалуына және оның сапалы жасалуына байланысты болады. Жеке құлақ жапсырмасынсыз, тіпті дұрыс таңдалған және теңшелген ең заманауи жоғары технологиялық есту аппараты да есту қабілеті бұзылған адамның проблемасын тиімді шеше алмайды.
Сапалы жасалған жеке құлақ жапсырмалары – жалпы есту мүшесін протездеудің қажетті шарты және тиімділігінің кепілі; бұл балалардың есту мүшесін протездеудің – міндетті талабы. Есту мүшесін протездеудің сәттілігі мен тиімділігі жеке құлақ жапсырмасының мөлшеріне, пішініне және оның сыртқы есту жолына орналасуына тікелей тәуелді болады.
Жеке құлақ жапсырмасы әрбір пациенттің сыртқы есту жолының бедері бойынша дайындалады және оның барлық анатомиялық ерекшеліктерін қайталайды және төмендегілерге көмектеседі:
- аппараттың кері байланысын ("ысқырықты") болдырмау, бұл қуатты есту аппараттарымен протездеу кезінде аса маңызды;
- аппаратпен күшейтілген дыбысты дабыл жарғағына ең жақсы сапамен (жол бойында ең аз шығынмен) беру;
- аппаратты құлақтың артына берік бекіту;
- теріге жүктемені азайту;
- құлақты "желдету" және жапсырмада желдеткіш саңылауы болған кезде, онда конденсаттың жиналуын болдырмау (есту қабілетінің жоғалуы 60дб артық емес).
Баланың бойы өсіп, құлақ қалқанының мөлшері ұлғайған сайын, жеке құлақ жапсырмасын кем дегенде 6 айда бір рет ауыстыру керек.
Жеке құлақ жапсырмалары тұрақты гигиеналық күтім мен бақылауды қажет етеді. Біздің жеке құлақ жапсырмаларын жасайтын техникамыз құлақ жапсырмасын мезгіл-мезгіл тазалап отыруды ұсынады. Процедураны аптасына 1-2 рет орындау жеткілікті. Құлақ жапсырмасын және жалғастырушы түтікті ағынды жылы сумен жуу қажет. Түтік пен құлақ жапсырмасын есту аппаратына қайта қоспас бұрын, олардың құрғақ екеніне көз жеткізу керек. Сурдологиялық бөлімнің тіркеу бөлімінде пациенттер есту аппараттары мен құлақ жапсырмаларының күтіміне арналған арнайы құралдарды сатып ала алады. Арнайы гигиеналық құралдардың көмегімен жеке құлақ жапсырмасын үнемі тазалау, жуу және кептіру олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді және соның нәтижесінде есту аппараттарының жұмысына жағымды әсер етеді.
Жеке құлақ жапсырмаларын дайындайтын техник төмендегідей қызметтерді көрсетеді:
- көшірме бедерді алу;
- жеке құлақ жапсырмасын дайындау;
- түтіктерді ауыстыру;
- жеке құлақ жапсырмасының ілгегін ауыстыру;
- жеке құлақ жапсырмасын тазалау.
Жеке құлақ жапсырмасын дайындау туралы сұрақтар бойынша ӘБЕО орталығының сурдологиялық бөлімінің тіркеу бөліміне (727) 3944513, 3944623 телефондары арқылы хабарласуыңызға болады.